Қарағандылық «Озарение» қоғамдық қорының президенті Татьяна Савицкая, VIII Азаматтық форум аясындағы білім және ғылым министрімен салалық кездесуде ажырасу процесіндегі балаларды бөлу мәселесінде медиативті келісім тәжірибесін енгізуді ұсынды.
«Сізден өтінетінім, ата-аналары ажырасып жатқан балаларға қатысты жағдайларға назар аударуыңызды сұраймын. Қарағанды облысында балалардың өзіне қол жұмсау деректері жиілеп кетті. Мәселені зерттей келе, балалардың өзіне қол жұмсау себебінің 64 проценті отбасындағы кикілжіңдермен байланысты екені анықталды», - деді Т.Савицкая.
Татьяна Савицкая ата-аналары ажырасып жатқан кезде балалардың қиыншылықтарға тап болмауы үшін медиаторлар тәжірибесін қолдану қажеттігін айтты.
«Баланың көңілі қамықпауы үшін бұл медиативті келісім сотқа дейін жүргізілуі қажет. Бізде медиаторлардың үлкен армиясы дайын тұр. Қарағанды бойынша айта алатыным, тұрақты мекенжайды анықтау және балалармен сөйлесу арқылы ажырасу арыздарын азайттық. Сотқа дейін медиаторларға жібереміз. Бұл жобаны депутаттар қолдады, үшінші жыл қатарынан жақсы нәтижелер көріп отырмыз», - деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, елордада «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында VІІІ Азаматтық форум өтіп жатыр.