Елордада өтіп жатқан «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбындағы VІІІ Азаматтық форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде балалар үйі болмауы тиіс екенін айтты.
«Бүгінгі басқосуда нақты ұсыныстар айтылып жатыр. Бұл көтерілген мәселелердің бәрін мұқият сараптап, Үкіметпен, Парламентпен, үкіметтік емес ұйымдармен бірге тиісті бағдарлама қабылдау қажет. Бұл жерде барлығы қаражатқа байланысты, барлығы ақша керек дейді. Ол дұрыс, әрине. Бірақ, барлығы мұнымен шешілмейді», - деді Назарбаев.
Мемлекет басшысы форумда сөз сөйлеген BI Group Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаевтың жасап отырған жұмысын атап өтті. Форумда Айдын Рахымбаев елімізде «Аналар үйлері» ашылып, нәтижесінде жетімдер саны азайып келе жатқанын айтқан болатын.
«Қазір көптеген бизнесмендер қайырымдылықпен айналысады. Аналар үйі, жетімдер мені өте қатты алаңдатады. Мен Қазақстанда жетімдер үйі болмау керек деп есептеймін. Ал оларды қалай болдырмау керектігін, қандай жолмен жүру қажеттігін Айдын Рахымбаев көрсетіп отыр. Біздің балаларымыз мұхиттың ар жағындағы танымайтын үйге барып, ертең жат болып кетеді. Өскенде бәрібір елін, жерін сағынады. Бірақ, олардың бөтен адам болып келетіні белгілі ғой. Қолымыз оған тиген жоқ, қаражатымыз болған жоқ, мемлекет қиын-қыстау заманда жүргенде бұл мәселені біз уысымыздан шығарып алдық. Бірақ, өзіміздің мұсылман дінінде де, қазақта да «жетімге қолыңды созсаң, жұмаққа барасың» деген сөз бар ғой. Өзінің екі-үш баласы бар адам тағы бір баланы балалар үйінен алатын болса, тек қана жақсылыққа ие болады санаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, форумның күн тәртібіндегі басты тақырып - азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасының жобасын талқылау. Шара соңында үздік үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік сыйлықпен және «Таным» қоғамдық сыйлығымен марапаттау рәсімі өтеді.