Бүгін Астанада өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық ҮЕҰ басында Қазақстанның Азаматтық альянсы тұруы тиіс екенін айтты.
«Қазір біз үшін әлеуметтік саясаттың барлық түйінді бағыттарына үкіметтік емес секторды барынша тарту маңызды болып отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы осыған байланысты бірқатар тапсырма берді.
«Біріншіден, ҮЕҰ жобаларын қаржыландырудың барлық рәсімдері ашық әрі түсінікті болы тиіс. Осы орайда Үкіметке цифрландыру аясында ҮЕҰ анықтаудың бірыңғай электронды реестрін құруды тапсырамын», - деді Елбасы.
Сондай-ақ ол ҮЕҰ дауысы естілуі үшін азаматтық бақылаудың тиімді механизмін қалыптастырудың маңызды екенін айтты.
«Олар бір жерге шоғырлануы тиіс. Бұл жерде Қазақстанның Азаматтық альянсы жетекші роль атқаруы қажет», - деді Назарбаев.
Бұдан бөлек Елбасы үкіметтік емес секторға мемлекет функцияларын беру жұмыстарын жалғастыруды, сонымен бірге осы секторда жастар саясатын жүзеге асыруды күшейтуді тапсырды. Бұл 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған сәтте өте маңызды болып отыр.
«Үкіметке сіздермен бірге 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын», - деді Елбасы.
Айта кетейік, форумның күн тәртібіндегі басты тақырып - азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасының жобасын талқылау. Шара соңында үздік үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік сыйлықпен және «Таным» қоғамдық сыйлығымен марапаттау рәсімі өтеді.