Елордада «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбындағы VIII азаматтық форумның екінші жұмыс күні жалғасуда.
Форумның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
«Жақында Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығын өткізгелі тұрмыз. Тарих үшін бұл түк емес. Осындай қас-қағым уақыттың ішінде қыруар қиыншылықтан өтіп, тәуелсіздігімізді аман-есен сақтап қалдық. Соның барлығы халықтың бірлігінің арқасында. Қоғамның әр саласында жүрген адамдар тәуелсіздікті құрметтеп, сақтап қалу үшін бірге жұмыс істеудің арқасында біз дүниежүзіне белгілі ел болдық. Бірақ жасайтын жұмыстар көп. Осы форумға біріншіден үлкен табыс тілеймін», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы әр Жолдауында мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнату қажет екенін айтып келе жатқанын атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыз саналы болып, мәртебесі жоғары, дамыған қоғам құру. Еліміздің бірлігі мен тұрақтылығы үшін жұмыла еңбек етсек барлық міндеттерді жүзеге асырамыз. Өркендеген 30 елдің арасына кіреміз деген мақсат бәрімізге бірдей. Бұл сол елдер сияқты өмір болады деген сөз, сол елдер сияқты сауатты боламыз, мәдениет болады деген сөз. Бұл форум үкіметтік емес секторға серпін беріп, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына үлкен жол сілтейді», - деді Президент.
Айта кетейік, форумның күн тәртібіндегі басты тақырып - азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасының жобасын талқылау. Шара соңында үздік үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік сыйлықпен және «Таным» қоғамдық сыйлығымен марапаттау рәсімі өтеді.