Астанада өтіп жатқан сегізінші Азаматтық форумның екінші жұмыс күні пленарлық отырыспен басталды. Жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отыр.
Алғысөзбен шараны ашқан қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Мемлекет басшысына Форум жұмысының барысын айтып, атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады.
«2018 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 20 миллиард теңгеге жетті. Бүгінде ҮЕҰ қаржыландыру 14 бағыт бойынша жүргізіледі. Қаржының үштен бір бөлігі әлеуметтік жобаларға, төрттен бірі білім саласы, жастарды қолдауға, бесінші бөлігі азаматтық қоғамды дамытуға, азаматтардың құқығын қорғауға бөлінеді және бұл елдің дамуына айтарлықтай рөл ойнайды. Осылайша, ҮЕҰ секторы институционалды деңгейде құрылды деп айта аламыз.
ҮЕҰ гранттарды алатын ұйым ғана емес, бүгінде елімізде болып жатқан үлкен процестердің бөлігіне айналды. Бүгінде қоғамдық кеңестердің қатысушыларының төрттен бірін ҮЕҰ құрайды. Қазіргі таңда елімізде 229 Қоғамдық кеңес бар, ол жерде 4 мыңнан астам адам бар. 20 орталық мемлекеттік орган мен 313 жергілікті атқарушы органда ҮЕҰ әрекеттестік бойынша өкілетті институт енгізілді», - деді Кәлетаев.
Айта кетейік, форумның күн тәртібіндегі басты тақырып - азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасының жобасын талқылау. Шара соңында үздік үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік сыйлықпен және «Таным» қоғамдық сыйлығымен марапаттау рәсімі өтеді.