Ермек Тұрсынов киноның қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғады

Астанада өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда кинорежиссер Ермек Тұрсынов қазақстандық кинематографияның қазіргі жағдайы туралы айтты.

«Адамдар үш нәрсені жақсы түсінеді: саясат, футбол және кино. Кино – қоғамның моралдық-адамгершілік көрсеткіші. Кино – саясат. Кино  – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мұны не үшін айтып отырмын? Кино нарығына кіру мүмкін емес Қытай, Үндістан секілді елдер бар. Олар тек отандық өнімдерін ілгерілетеді. Өнім сапасы қандай деген мәселе мүлдем басқа, әрине. Олар не үшін ешкімді кіргізбейді, себебі олар мәдени экспанциядан қорқады», - деді Ермек Тұрсынов.

Режиссер Қазақстанның кино нарығының қазіргі жағдайына тоқталды.

«Ал бізде не болып жатыр? Біздің артықшылығымыз да, кемшілігіміз де бар. Ең үлкен артықшылық бұл – кино туралы заң Парламентке жетті. Белсенді түрде талқыланып жатыр. Екінші, біз жыл сайын «Құлагер» ұлттық жүлдесін табыстаймыз. Алматыда Шәкен Айманов атындағы халықаралық фестиваль өтті, алыс-жақын шетелден қатысушылар келді. Осы фестиваль аясында өткізілген «Құлагер» жүлдесіне қатысуға 68 автор өтінім берді. Бұл дегеніміз 1-2 жылда Қазақстанда 68 толықметражды көркем картина түсірілді деген сөз», - деп атап өтті Тұрсынов.

Сондай-ақ ол бүгінде Қазақстанның кино нарығын шоу-бизнес өкілдері жаулап алғаны жайлы және көңіл көтеретін жеңіл фильмдердің әсері туралы айтты.

«Қазір шоу-бизнестің барлығы кинода. Бұрынғы «квншілер», шоумендер қазір кино түсіреді. Мен көңіл көтеретін фильмдеріне қарсы емеспін. Бірақ елімізде кассаның басым бөлігін 12-14 жастағы балалар құрайды. Саясат, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деген кезде кино көретін балалар нені талқылайды? Бүгінде елімізде шығатын фильмдердің 90 проценті комедия», - деді ол.

Айта кетейік, елордада «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында VІІІ Азаматтық форум өтіп жатыр.