Еңбек министрі әлеуметтік көмек көрсетудегі ҮЕҰ маңызын атады

Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек көрсетуде үкіметтік емес сектормен бірлесе әрекеттеседі. Сала басшысы Мәдина Әбілқасымова Азаматтық форум аясында өтіп жатқан салалық кездесуде бұл серіктестіктің  тиімді тұстарын атап берді.

«Біздің өзара әрекеттесуіміздегі басты механизм – қиын өмірлік жағдайға тап болған жандарға арнайы әлеуметтік көмек көрсету мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру. Бұл үшін үкіметтік емес ұйымдарды белсенді қатысуға шақырамыз. Бүгінде сіздердің қатысу аяңыз кеңеюде. Қазір мемлекеттік тапсырыс арқылы арнайы әлеуметтік көмек көрсетуге 152 ҮЕҰ қатысуда», – деді министр.

Оның айтуынша, бұл өз кезегінде, арнайы әлеуметтік көмек алушы үшін өте ыңғайлы, өйткені мемлекеттік мекемеге бармастан, өтініш берген жерден көмек ала алады. Мысал ретінде осы серіктестік арқылы балаларға арналған психоневрологиялық интернатқа кезек толығымен жойылғанын атады.

«Нәтижесінде, 733 бала интернаттан үйіне қайтарылды, 811 ана жұмысқа орналастырылды. Бұл тек қызмет алушыларға көрсетілген көрсеткіштің бірқатары ғана», – деп қосты Мәдина Әбілқасымова.

Айта кетейік, Астанада «Азаматтық қоғам және мемлекет; Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында VIII Азаматтық форум өтіп жатыр. Форум аясында министрліктер және ведомстволар өкілдерімен салалық кездесулер ұйымдастырылған.