Елбасы: Үкімет жастарға алғашқы кәсіби білімді тегін беруі тиіс

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда жастарға арналған тегін кәсіби білім берудің қажеттілігі туралы айтты.

Президент өз сөзінде қазақстандық жастардың белгілі бір бөлігінде білімнің жоқтығы мәселесін көтерді. «Барлық жерде бос жұмыс орындары бар, бірақ білімнің жоқтығы мәселе болып отыр. Астанада тас қалаушы, электрші мамандар тапшы. Сол себепті мен мына идеяны ұсындым: Үкімет жастарға алғашқы кәсіби білімді тегін беруі тиіс. Адамдардың бір бөлігі университетке оқуға түседі, бір бөлігі әскерге кетеді, бірақ ешқайда бармағандар да бар. Осындай жастарға біз кәсіби оқу орындарында тегін білім алуды ұсынамыз. Дуалды білім беру, одан кейін зауытқа жұмысқа тұрасың және өзіңді асырай аласың», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы өз тәжірибесінен жастарға үлгі айтты. «Мен солай жұмысымды бастадым. Кәсіби техникалық мектеп маған болат қорытушы мамандығы бойынша білім берді, мені алып шықты. Мен соғыстан кейін жоқшылықта өмір сүрген ауыл баласымын. Жастар еңбекке дайындалуы тиіс. Әлем әділетсіздікке толы дегенге сенбей, барлығын жеңу керек. Сол үшін үкіметтік емес сектор тұтынушылықты емес, отансүйгіштікті таратуы тиіс. Мен осында сөз сөйлегендерге тәнті болып отырмын. Министрлік осының бәрін жинап, Үкімет оны қарауы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.