«Үкіметтік емес сектор сан мен сапа өсуінің үлкен кезеңін еңсерді. 2003 жылы бірінші Азаматтық форум өткізілгеннен бері жобаларды қаржыландыру 11 миллионнан 20 миллиард теңгеге дейін артты». Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Азаматтық форумның пленарлық отырысында Азаматтық альянс президенті Асылбек Қожахметов мәлімдеді.
«Институционалдық серпіліс болды. 2015 жылдан бастап ҮЕҰ үшін гранттар мен сыйлықтар енгізілді, ҮЕҰ деректер базасы, қоғамдық кеңестер құрылды, комиссия мүшелері енгізілді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі мемлекеттің барлық дерлік органдарына таралды», - деді Қожахметов.
Оның айтуынша, негізгі жүктемені Қоғамдық даму министрлігі, сондай-ақ әлеуметтік министрліктер, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі атқарады.
«Егер аймақтық деңгейді алатын болсақ, мемлекеттік тапсырыстарды қаржыландыруда аймақтық біртұтастық жоқ. Жетекші өңірлер бар: Қарағанды, Алматы, Түркістан. Бірақ көшбасшы мен аутсайдер арасындағы айырма 30 есе. Басты мәселе - аймақтық дисбалансты азайту және ауылдық аймақтардағы үлесті арттыру», - деді Азаматтық альянстың президенті.
Өткізілген талдаудан кейін Альянс азаматтық қоғамды дамыту бойынша ұсыныстар әзірледі.
Ең алдымен, Қожахметов қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіруді ұсынды.
«Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр, бірақ заңды жедел түрде қабылдау қажеттігі туындап тұр. Өйткені 1 наурызға дейін қоғамдық кеңестердің құрамы жасақталып бітуі тиіс. Ал қажет өзгерістер тек 1 қаңтардан бастап енгізіледі. Жаңа заманауи формат Парламент жұмысының жылдамдығына байланысты үлгермей қалуы мүмкін», - деп спикер Елбасына өтінішін жеткізді.
Сондай-ақ спикер ұлттық компанияларда азаматтық бақылау тетіктерін күшейтуді ұсынды.
«Біз «Самұрық-Қазына»,«Бәйтерек»,«ҚазАгро» сияқты компаниялар туралы айтамыз, халық сенімін арттырып, қызмет ашықтығын көрсету мақсатында азаматтық қоғам мүшелері директорлар кеңесіне дауыс беру құқығы жоқ мүше ретінде енуі қажет», - деді Асылбек Қожахметов.
Үшіншіден, Үкімет жанындағы қоғамдық кеңес құру ұсынылды.
«Бүгінгі таңда OGP – Open Government Partnership бағдарламасы талқыланып жатыр. Ел билігі де осы бағытта дайындалып жатыр. Біз қарапайым нәрселерден бастауымыз керек – әкімдіктерге халықтың қолжетімділігі. Қазақстанда жақсы үлгілер бар. Бас прокуратурада кеңсеге кірмесе де болады, қабылдау бөлмелері, мониторинг бөлмелері бар. Батыс Қазақстанда, Алматыда бар қабылдау бөлмелері. Міне, осындай тәжірибені басқа да ведомстволар енгізсе дейміз», - деді Азаматтық альянс басшысы.
Сонымен қатар Асылбек Қожахметов Азаматтық альянсқа, соның ішінде білім беру бағдарламалары - ҮЕҰ Академиясына жеке қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет екендігін атап өтті.
Айта кетейік, елордада «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында VІІІ Азаматтық форум өтіп жатыр.