Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан VIII Азаматтық форумның пленарлық отырысында BI Group басшысы Айдын Рахымбаев елімізде балалар үйлері жүйесіне өзгерістер енгізу қажет екендігі жөнінде мәлімдеді.
«Бес жыл бұрын біз бір топ бизнесмендермен бірге «Аналар үйі» жобасын іске асыра бастадық, бұл жоба жетімдер санын азайту мақсатында қиын жағдайда қалған аналарды қолдауға арналды. Және бұл іс алға басты! Осы жобаның басында Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіз «Аналар үйін» қолдап, белгілі бір мәртебе де берген болатынсыз. Және жоба толыққанды жұмыс істей бастады», - деді Айдын Рахымбаев. Айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің 19 қаласында 25 «Аналар үйі» ашылған.
«Біздің жоба арқылы қиын өмірлік жағдайға тап болған 3600 жас әйел өз балаларын тастамай, кішкентай отбасыларын сақтап қалды, сондықтан балаларынан бас тартқандар саны 70%-ға қысқарды. Нәтижесінде, соңғы жылдары балалар үйлеріндегі жетімдер саны екі есеге қысқарған: 11000-нан 5200-ге дейін. Бұл үлкен ортақ жетістік! Біз біраз жұмыс атқардық, бірақ әлі де одан үлкен жұмысты атқара аламыз, бірақ оған Сіздің қолдауыңыз қажет, Нұрсұлтан Әбішұлы! Біріншіден, біздің «Аналар үйі» жобасының базасында бала асырап алу жөніндегі мемлекеттік емес ұлттық агенттік құруға келісім беруіңізді сұраймыз, екіншіден, балалар үйлеріндегі жетімдерді одан әрі азайту үшін балалар үйлері жүйесін реформалауды бастау қажет. Мұндай жүйе барлық дамыған елдерде бар. Өкінішке орай, кеңес одағы уақытынан келе жатқан балалар үйлерінде жетім балалармен жұмыс істеудің ескі әдістері сақталып қалған, бұл оларға балалық шағында және өскен кезде қоғамның бір бөлігі болуға кедергі келтіреді», - деді Рахымбаев.
Кәсіпкердің айтуынша, келесі мақсат - асырап алушыларға көмектесу арқылы мемлекеттік мекемелердегі балалар санын қысқарту.
«Ол үшін біз «Асырап алушыларды қолдау орталығы» жобасын құрып отырмыз, себебі бала отбасында өсуі тиіс. Екі жылда біздің Қорға 5000-нан астам адам жүгінді, бала асырап алған ата-аналарға арналған мектептерде 1000-нан аса адам оқыды және 800-ден астам бала жаңа отбасы тапты. Алайда қазіргі таңда асырап алу бойынша қазақстандық мемлекеттік емес агенттік құру қажеттілігі туындап отыр. Сіз таң қалатын шығарсыз, бірақ бүгінде Қазақстанда шетелдіктердің бала асырап алуы үшін балаларды іріктеумен айналысатын 12 аккредиттелген шетелдік агенттік бар және бірде де бір қазақстандық агенттік жоқ. Екі жыл бойы біз бұл проблеманы шешуге тырысып жүрміз, бірақ нәтиже жоқ. Шетелдіктердің лицензиясы және заңды мәртебесі бар, ал бізге Қазақстан азаматтарына мұндай құқық берілмеген», - деді Айдын Рахымбаев.
Айта кетейік, форумның күн тәртібіндегі басты тақырып - азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасының жобасын талқылау. Шара соңында үздік үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік сыйлықпен және «Таным» қоғамдық сыйлығымен марапаттау рәсімі өтеді.