Елордада өтіп жатқан VІІІ Азаматтық форумның жұмысы бүгін де жалғасын тапты. «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбы арқау болған жиынға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отыр.
«Қазақстан Азаматтық альянсының» президенті Асылбек Қожахметов Мемлекет басшысына еліміздің үкіметтік емес секторының бүгінгі ахуалын баяндады.
«Елбасымыз осыдан 15 жыл бұрын алғашқы Азаматтық форумда мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар серіктестер ретінде әрекет жасауы керек деп айтқан болатын. Бүгінгі форум - аймақтарда жүргізілген үлкен жұмыстың нәтижесі. Біз 17 өңірлік азаматтық форум, 5 республикалық конференция өткіздік. Оларға қатысушылардың жалпы саны 3 мыңға жетті. Бұл қажетті ұсыныстарды жинақтап, делегаттарды іріктеуге мүмкіндік берді», - деді Қожахметов.
Оның айтуынша, қазір үкіметтік емес сектор қарқынды дамып келеді. Алғашқы Азаматтық форум өткен 2003 жылдан бері жобаларды қаржыландыру көлемі 11 млн теңгеден 20 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
«Соңғы екі жылда ғана мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру 2,5 есе артты. 2015 жылдан бастап ҮЕҰ-ға арналған гранттар мен премиялар енгізілді. Дұрыс қатынас орнатылған жағдайда үкіметтік емес сектор экономикаға қосымша серпін бере алады. Қазақстанда үкіметтік емес секторда жұмыс істейтіндер саны 0,3 пайызды құрайды. Ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 10-15 пайызға жетеді», - деді Асылбек Қожахметов.